Бүгін 27 желтоқсан күні Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында балаларға арналған жаңажылдық шырша өтті. Орталықтың онкогемотология бөлімінде ем алушы балалар үшін ұйымдастырылған шараны «Халық банкі» өткізді.
«Шараны өткізудегі басты мақсатымыз - Жаңа жыл мерекесі алдында балаларға қуаныш сыйлау, кішкентай бүлдіршіндерге арнайы қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастыру арқылы көмектесу, қолдау көрсету. Жақсы көңіл-күй қашанда адам баласының ұзақ өмір сүруіне ықпал етеді. Халық банкі ұдайы осы сынды түрлі қайырымдылық шараларын өткізіп отырады. Қазіргі таңда банктің барлық облыстық филиалдары балалар үшін жаңажылдық мерекелер ұйымдастыруда. Балалар - біздің болашағымыз. Сондықтан, біз әрдайым көмектесуге әзірміз. Орталықта ем алушы балалардың тез, құлан таза сауығып кетуіне тілектеспіз! Тамшыдай үлесіміз балалардың жазылып кетуіне септігін тигізіп жатса, бізге одан асқан бақыт жоқ», -деді балаларды құттықтап келген «Халық банкі» Алматы филиалы директорының орынбасары Ермек Токатаев.
Бүлдіршіндерді Аяз Ата мен Ақшақар, Аққала, қоян, аю сынды ертегі кейіпкерлері құттықтап, қуаныш сыйлады. Балалар шыршаны айнала ән айтып, би билеп, әр түрлі ойындар ойнап, арнайы шақырылған қуыршақ театрының қойылымын тамашалады. Сонымен қатар, өз өнерлерін көрсетіп, өлең-тақпақтарын айтып берді. Жүрекке жылылық ұялатып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған шара соңында 100-ден астам бала демеушілер атынан түрлі сыйлықтарға ие болды.
Театрландырылған қойылым онкогемотологияның әр бөлімінде жеке-жеке өтті.
Шара соңында Орталық өкілдері мен ата-аналар думанды кешке үлкен алғыстарын білдірді.
{gallery}News_29.12.2017{/gallery}