Дана халқымыз «Қайырымдылық жасасаң, қайырымын өзің көресің» - деген. Адам өміріндегі ең сауапты қасиеттердің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау, қолдау көрсету, мейірімділік таныту. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығындағы онкогемотология бөлімдерінде ем алушы балаларға үш-төрт жылдардан бері қамқорлығын көрсетіп, жүрек жылуын ұсынып келе жатқан «Амила» онкологиялық сырқат балаларға көмек көрсететін қоғамдық қоры жақсылық жасаудан айнымай келеді.
Қор «Шұғыл қажеттілікер» жобасы аясында онкология бөліміндегі балаларға жөргектер, кір жуатын ұнтақтар, ылғалды сулықтар және т.б. балаларға қажетті заттарды әкеп көмек көрсетсе, күзде дүниеге келген туған күн иелеріне, атап айтқанда 56 бүлдіршінге арнап анимациялық шоу ұйымдастырып, сый-сияпаттар жасап, мерекелік дастархан жайып, балаларды қуанышқа бөлеген еді. «Не берсең де балаға бер, бала үшін жаса» деген қағиданы ұстанатын қор аналары мен балаларды қолдау мақсатында бұдан өзге түрлі акциялар мен шаралар, жаңажылдық шыршалар өткізіп келеді. Айта кетейік, Педиатрия орталығындағы дәліздер қабырғасында салынған түрлі-түсті анимациялық суреттер мен ауладағы салынған суреттер де «Амила» қоғамдық қорының атқарған қайырымды ісі. «Тамшыдан теңіз құралады» деп қолдан келген көмектерін аямай, көкірегі қаяулы, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебіздерін аямай, балаларға шын жүректерімен көмек көрсетіп, қолдау білдіріп келе жатқан қорға және қорда қызмет атқаратын еріктілерге алғысымыз шексіз.
«Амила» қоғамдық қоры кеше ғана тағы бір жақсы іске мұрындық болып, анасының өтінішімен ақ қан ауруына шалдыққан ұлының арманын орындауға септігін тигізді. Азат есімді жігіттің арманы Бүркіт есімді лақап атымен танымал Қазақ эстраданысынң белгілі әншісі Айбек Сейітовпен жүздесу еді.
«Орталықта жатқанымызға ұзақ уақыт болды. Екі аптадан бері ұлымның ыстығы түспей қойды. Көңілі де баяғыдай емес, үнжырғасы түсіп, сырқатпен күрескісі келмейтін боп көрінді. Оның ондай жүзін көру әр ана үшін ауыр. Не істесем болады? Қалай көңіл көтерсем екен деп уайымдадым. Балам Бүркіттің жанкүйері, орысша айтқанда фанаты. Әндерін сүйіп тыңдайды. Өзі де музыкаға жақын, өлең жазады, гитарада ойнайды. Жақсы көретін әншісін шақырып, тосын сый жасап, қуантсам, бір өзгеріс болар деген үмітпен «Амила» қорына хабарласқан едім. Кездесуді ұйымдастырып берген қор еріктілеріне, бір ауыз өтінішімді жерге қалдырмай келген Бүркітке үлкен алғысымды білдіремін. Сенесіз бе, балама бұл жаңалықты айтқан күні ыстығы түсіп, беті бері қарап, ем қона бастады. Бұл жүздесу балама күш-қуат, рух беретініне сенемін», деді Азаттың анасы Халима Ажигулова.
Кездесу жөнінде әнші инстаграмдағы өз парақшасында бөліскен екен: «Азат есімді бауырымның өмірінде қиын жағдай тұнып тұрған кезінде, жанындағы анасының, туған - туыстарының, достарының маxаббаты өте қажет! Адам баласына осындай сәтте сезімдер қатты сезіледі. Ғаламтор жүйесінен волонтерлардың көмегімен Азаттың анасы маған шығып, ұлының мені қатты көргісі келгенін жеткізді. Бір күн өткізбей, мен жауап қайтардым. Сөйтіп, бүгін @tumartime компаниясының әдемі бір ерлер сағатын алып, емxанаға жөнелдім! Есіктің ауызында Азаттың анасы қарсы алды. Көздерінен жас көрінді. Бір дегеннен маған: "Келгеніңізге раxмет!" деді. Мен ол кісіге "Оқасы жоқ! Мен үшін ол ештеңе емес!" деп жауап қайтардым. Қысқасы, Азаттың палатасына кіріп, танысып, қал жағдайын сұрап, біраз әңгімелестім. Өзі өнерлі жігіттердің бірі екен; өзі музыка жазады, видеолар түсіреді, ән де айтады екен! Енді осындай ауруға шалдығып қалды. Инша Аллаһ бәрі жақсы болады. Ең бастысы, бұл емге көнетін дерт екен. Бірақ, тез уақыт аралығында емес. Сондықтан, достар Азатқа бар жақсылықты тілейік, емделіп кетсін! Дұғаларыңызды оқыңыздар! Өздеріңіз де еш ауырмаңыздар! Мен, өз тарапымнан кішкене болса да Азаттың көңілін көтеріп, денсаулығына аз да болса, көмек көрсеттім деген сенімдемін. @aza.inst Кез келген ауру эмоциямызға байланысты екенін ұмытпаңыздар!».
Айта кетейік, шығармашыл Азат музыкадан бөлек, спортпен де белсенді түрде айналысқан. Достарын салауатты өмір салтын ұстануға шақырып, арнайы бейнероликтер түсірген. Спортпен айналысуға шақыратын бейнероликтерді Азаттың инстаграмдағы жеке парақшасынан көруге болады.
Бүркіт кездесу соңында балалармен суретке түсіп, тез сауығып кетулерін тіледі. Азаттың анасы өз кезегінде жарқын сәт сыйлағанына шексіз алғысын білдірді.
Жақсылық жасау — имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың көрінісі. Жүректеріңіздегі мейірім оты жалындай берсін, жақсылық пен қайырымдылық әр баланың жүрегіне қуаныш сыйласын. Айналамызға шапағат нұрын сеуіп, жын жылуын сыйлап жүрейік!
«Педиатрия және балалар
хирургиясы ғылыми орталығы»
баспасөз қызметі
{gallery}News_09.02.2018{/gallery}