{gallery}News_06.06.2018{/gallery}
Бүгін 5 маусым күні Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында озық қондырғылармен жабдықталған «SmartSchool» оқу сыныбының тұсаукесер рәсімі өтті.
Смарт классты орталық директоры Риза Боранбаева мен Самсунг компаниясының өкілі Анастасия Гулметоваашты.
- «Бүгін біз үшін айтулы күн. Балаларға үлкен қуаныш сыйлаған, осы әсем де жарық сыныпты жасап, заман талабына сай жабдықтап берген Самсунг компаниясына шексіз алғысымызды білдіреміз. Бұған дейін біздің кішкентай пациенттеріміз барлық пәндер бойынша палаталарында білім алса, енді осы сыныпта білімдерін жалғастырып қане қоймай, бос уақыттарын қызықты да тиімді өткізетін болады. Ертеңнен бастап сурет салу, коструктор құрау, ағылшын тілін үйрену, шашки, шахмат үйірмелері жұмысын бастайды. Бұл өз кезегінде балалардың тезірек жазылып, сауығып кетуіне оң әсерін тигізеді деп сенеміз», деді ашылу салтанатында Педиатрия орталығының директоры Риза Боранбаева.
Инновациялық оқу бөлмесі онкологиялық дертке шалдыққан балаларға арналған. Орталықта бүгінгі күні 100-ден астам бала ем алуда.
«Самсунг компаниясы Қазақстан бойынша еліміздегі мектептерге осы күнге дейін 13 смарт класс ашты. Біз осындай оқу сыныптарының балалардың, әсіресе, онкологиялық ауруларға шалдыққан балаларға оң әсері тиетінін Ресейдегі Рогачев атындағы онкология және гематология орталығынан білдік. Балалардың жазылып кетуіне біз де өз септігімізді тигізу үшін орталықта ем алатын балаларға Балалар күніне орай сыйға тартуды жөн көрдік. Басты мақсатымыз - балалардың емделіп кетуіне үлес қосу, заманауи шешім арқылы балалардың қызықты әрі тиімді білім алуларына мүмкіндік жасау», деді Самсунг компаниясының өкілі Берік Омаров.
Атап өте кетейік, аталмыш компания өткен жылы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығына дәл осындай смарт классты сыйға тартқан еді.
Заманауи құралдармен жабдықталған оқу сыныбында балалар математика, тарих, ағылшын тілі және т.б. жалпы пәндермен бірге шығармашылық жұмыстармен де айналыса алады. Сондай-ақ, бұл сыныпта музыка мен ертегілердің көмегімен терапия сеанстары өткізіледі. Орталыққа келіп дәріс беретін мұғалімдер, сабақтарды тиімді және қызықты етіп онлайн режімде де жүргізе алады. Онлайн түрінде өтетін сабақтарға енді төсекке таңылған балалар да қатыса алатын болады. Сынып үлкен интерактивті тақтамен, экологиялық таза жиһаздармен қамтамасыз етілген. Сынып іші заман талабына сай әрленіп, безендірілген. Орталықта емделуші балалар сабақтарды жаңа оқу жылынан жаңа форматта оқитын болады. Келесі аптадан бастап сурет салу, коструктор құрау, ағылшын тілін үйрену, шашки, шахмат үйірмелері өз жұмысын бастайды. Үйірмелерді «HelpToday» қоғамдық ұйымының 10-ға жуық ерікті өкілдері тегін жүргізетін болады. Сыныптың ашылу салтанатында «HelpToday» қоғамдық ұйымының жетекшісі Эльмира Әлиева дәріс беретін ұстаздармен таныстырып, сыныптың ашылуымен құттықтады.
- «Жақсылық жасасаң балаға жаса», деген дана халқымыз. Ортақ қуанышымыз құтты болсын! Біз қашанда еліміздің болашағы балалар үшін жақсылық жасауға әзірміз. Балалардың емін үзбей, білімдерін арттырып, шығамашылық жағынан да дамуға мүмкіндік беретін бұл жобаға атсалысқанымызға қуаныштымыз», деді Э.Әлиева.
Озық қондырғылармен жабдықталған «Ақылды сыныпты» Samsung Electronics Central Eurasia компаниясы Халықаралық Балалар күніне орай тарту етті. Игілікті іс «HelpToday» қоғамдық ұйымының жетекшілігімен іске асты.
«Педиатрия және балалар
хирургиясы ғылыми орталығы»
баспасөз қызметі
8(727) 269 69 52