Бүгін Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында онкологиялық дертке шалдыққан балалардың ата-аналары үшін қайта жөндеуден өткізілген кешен қолданысқа берілді.

         Онда жуыну бөлмелері, душ, киім-кешектерді кептіру бөлмесі, автоматты кір жуатын машиналар, киім үтіктейтін үстелдер, қолмен жууға арналған арнайы орындар бар. Кешен толығымен күрделі жөндеуден өткізілді. Ішіне қойылған заттардың барлығы (кір машиналар, киім кептіргіштер, үтіктеу үстелдері және т.б.) жаңадан алынды. 

         Кешеннің ашылуына ем алып жатқан балалардың ата-аналары, Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, орталықтың басшылық құрамы қатысты.

         Педиатрия орталығының басшысы Риза Боранбаева түбегейлі өзгеріс жасалып, жаңарған кешенді ата-аналарға көрсетіп, ашылуында: «Барлық жағдай Сіздер үшін жасалды. Бұл игіліктің барлығы Нұрбанктің қайырымдылық акциясының арқасында мүмкін болды. Биылғы жылдың тамыз айында Нұрбанк "Charity Music Run" қайырымдылық марафонын өткізіп, одан түскен қаражатты біздің орталыққа, науқас балалардың ата-аналарының жағдайын жақсартуға бөлген еді. Әрбір ата-ананың  ауыр да қиын кезеңде балаларының жанында болғаны маңызды. Ал, біз өз кезегімізде барлық жағдайды жасауға тырысамыз. Игілікті өз үйлеріңіздегідей ұқыпты ұстауға шақырамыз», деп, барша қауымды қуанышты күнмен құттықтады.

         Өз кезегінде ата-аналар ізгілікті іс-шараға атсалысқан барша қауымға, шараны ұйымдастыруға мұрындық болған «Нұрбанк» акционерлік қоғамына алғыстарын айтып, зор ризашылықтарын білдірді. Марафонға қатысып, осы шараның басы-қасында жүрген «Help Today» қоғамдық қорының төрайымы Эля Алиева шашу ретінде алғашқы көмегін ұсынып, ата-аналар мен балаларға қажетті сусабын, душқа арналған гельдер, иіс сабын, кір жуу ұнтақтарын сыйға тартып, ақжарма тілегін білдірді.

         Педиатрия орталығы онкогематологиялық дертке шалдыққан балаларға медициналық көмек көрсететін клиникалардың бірі. Орталықта жылына 600-ден аса бала емделеді. Балалардың көпшілігі оңтүстік аймақтардан келіп жатады.

         Айта кетейік, қайырымдылық марафонына 1500-ден аса адам қатысып, ақ қан ауруы мен онкологиялық дертке шалдыққан балаларға өз демеуін көрсеткен еді. Қатысушылармен қатар, жүректері ізгілікке толы жандар да өз қайырымдылық көмегін ұсынды.

«Педиатрия және балалар
хирургиясы ғылыми орталығы»
баспасөз қызметі