7-сәуір күні «Бағанашыл» спорт кешенінде Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы мен Студенттік емхана командалары арасында футболдан жолдастық кездесу өтті. Айтулы жарыс Дүниежүзілік денсаулық күніне орай ұйымдастырылды.

Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы командасының басымдылығымен басталған ойын өте тартысты өтті. Дегенмен, екінші ойында Педиатрия орталығының командасы ұпай санын арттырып, ойынды 4:1 ұпайымен аяқтап, жеңіске жетті. Қақпаға гол соққан дәрігерлер: реанимация бөлімінің санитары Ертұған Тоқтарбаев, трансплантация бөлімінің мейірағасы Рашит Утешов, трансфузиолог-дәрігер Данияр Әліпбаев,   эндоскопшы Нышанбек Шиланбаев. ЖАРАЙСЫҢДАР!!!

Жарыс қорытындысы бойынша І орынға - Алматы аймақтық балалар клиникалық ауруханасы командасы ие болды, ІІ орынды - Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы командасы иеленді, ал ІІІ орын - Студенттік емхана командасына бұйырды.

Қолайсыз ауа-райына қарамастан ойын әсерлі де қызықты өтті. Футболшыларды қолдауға мекеме басшылары мен әріптестері де келді. Ақ халаттарын аяқ добына ауыстырған дәрігерлер тамаша ойын көрсетіп, барша қауымды салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақырды.

«Шынықсаң шымыр боласың» демекші, спорттың адам денсаулығына пайдасы зор. Күнделікті ертеңгілік 10-15 минут дене жаттығуымен айналысқан адамның жұмысқа қабілеті артады, үнемі жаттығу жасайтын адамдар тізенің сырқырауы, белдің сыздауы, мойынның қарысуы және т.б. аурулардан тез жазылады, дейді мамандар. Сондықтан, салауатты өмір салтын ұстанып, дұрыс тамақтанып, уақытында қаралып, спортпен шұғылданыңыздар!

Қызметтен тыс, түрлі іс-шаралар әріптестікті арттырып, ұжымды ауызбіршілікке шақыратыны сөзсіз. Бірлік бар жерде, тірлік бар! Ендеше, жеңісті де, жемісті күндеріміз көп болсын!

«Педиатрия және балалар

хирургиясы ғылыми орталығы»

баспасөз орталығы

 

#Педиатрияорталығы

#Денсаулықкүні

#Футбол