11 мамыр күні Халықаралық Мейірбикелер күніне орай Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында орта буын медицина қызметкерлері арасында спорттық шара болып өтті.

Шараны ашқан орталық басшысы Риза Боранбаева педиатриялық қызметтегі барша мейірбикелер мен мейірағаларды кәсіби мерекелерімен құттықтап, ақ жарма тілегін білдірді. «Сіздердің жылы, мейірімді жүректеріңіз бен алтын қолдарыңыз шынымен де ғажайып дүниелер жасайды. Кәсіби шеберліктеріңіздің арқасында 500 грамдық нәрестелерді күтіп, қиын да ауыр хирургиялық операциялар жасалынып, химиотерапия курсынан өткен балаларды аяқтарынан тұрғызып жатырсыздар. Науқастарға психологиялық тұрғыдан демеушілік көрсетіп, мейірімділік танытып, қалтқысыз адал қызмет етіп жүрген баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін! Мейірбике ісі - қашанда сый-құрметке лайық», деп атап өтті құттықтау сөзінде Р.Боранбаева.  

Бүгінгі таңда медициналық қызметкерлердің ең көп саны болып мейірбикелер табылады. Педиатрия орталығында қазіргі таңда 300-ден астам орта буын медицина қызметкерлері бала саулығы жолында аянбай қызмет етуде.

Спорттық-эстафеталық шарада қызметкерлер жүгіру, секіру, арқан тарту және т.б. ойын түрлері бойынша сайысты. Үш команданың ішінде жүзден жүйрік шыққан Хирургия бөлімінің «Адреналин» тобы І орынды иеленіп, Бас жүлдеге ие болды. Жарыс барысында сонымен қатар түрлі аталымдар бойынша жеңімпаздар анықталды. Әйгерім Тулешова - «Жеңіл қолды мейірбике», Назгүл Атанбекова - «Алтын қызметкер», Назым Қосбатырова - «Алтын стандарт Аруы», Ардақ Қабықбаева - «Үздік ұстаз», Жанна Отарбаева - «Алтын қолды мейірбике», Бақытхан Аршабаева - «Қызметіне адалдығы үшін» аталымымен марапатталды.

 

«Педиатрия және балалар

хирургиясы ғылыми орталығы»

баспасөз қызметі