Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы педиатрияның көптеген салаларына жетекшілік етіп, үйлестіру қызметін атқарады. Бүгін Педиатрия орталығында «Қазақстан Республикасында 2019-2021 жылдарға арналған балаларға онкологиялық және гематологиялық көмекті жетілдіру жөніндегі Жол картасын» іске асыру аясында өңірлік балалар онкологтар және гематолог мамандардың қатысуымен жұмыс кеңесі өтті.
Басқосуға республиканың барлық облыстарының онко-гематолаг дәрігерлері қатысты.
Кеңесте қатерлі ісікке шалдыққан балалардың демеуші терапияға арналған дәрі-дәрмектермен қамту мәселесі, гемофилиямен ауыратын науқастардың қанның ұйығыштық факторларымен қамтамасыз етілуі, сүйек кемігін трансплантациялаудан кейінгі терапияны жүргізуде препараттармен қамтамасыз ету жайы қаралды. Сонымен қатар өңірлердің медициналық ұйымдарындағы онкологтар/гематологтар кабинеттерінің жұмысын мониторингілеу нәтижелері, атап айтқанда ремиссиядағы науқастарды және гемофилияға шалдыққан науқастарды есепке алу, динамикалық қарауды бақылау, демеуші терапияның жүргізілуін қадағалау мәселелері қаралды.
Педиатрия орталығы жыл сайын аймақтарға онкологиялық және гематологиялық ауруларды ерте диагностикалау бойынша алғашқы буын дәрігерлеріне арналған оқыту курстарын жүргізіп келеді. Бұл жұмыстардың нәтижесінде I-II сатыдағы қатерлі ісіктер ерте анықталуда. Қатерлі ісікпен науқастанған баланың толық сауығуы аурудың ерте сатысында анықталуына, медициналық көмектің уақытылы көрсетілуіне байланысты болғандықтан облыстардағы дәрігерлердің біліктілігін арттыру орталықтың басты мақсаты болып отыр.
«Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы еліміздегі 2019-2021 жылдарға арналған балаларға онкологиялық және гематологиялық көмекті жетілдіру жөніндегі Жол картасының үйлестіруші болып табылады. Сондықтан орталық ұдайы онкологиялық және гематологиялық ауруларды ерте анықтау бойынша облыстық мамандарға оқыту дәрістерін өткізіп отырады. Жыл сайын 300 дәрігерлерді оқытсақ, қазіргі уақытта жылына 3000-ға жуық дәрігерлердің біліктілігін арттыру міндетін алдымызға қойып отырмыз. Басты мақсатымыз – еліміздегі онкологиялық және гематологиялық көмекті жетілдіру. Қатерлі ісікті алғашқы сатыларында анықтау және ерте ем тәсілдерін қолдану толық айығудың негізгі жолы», дейді Басқарма төрайымының ғылыми-клиникалық және инновациялық жұмыстары жөніндегі орынбасары Лязат Манжуова.
Шара барысында Мәскеу қаласы Денсаулық сақтау басқармасының Морозов Қалалық клиникалық балалар ауруханасының дәрігер-гематологы, м.ғ.д. В.Ю.Петровтың қатысуымен балалардағы гемофилияны заманауи диагностикалау және емдеу мәселесі бойынша оқыту дәрісі өтті.
«Педиатрия және балалар
хирургиясы ғылыми орталығы»
баспасөз қызметі