Биыл Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы жанынан ашылған Республикалық балалар онкогематологиялық бөліміне - 25 жыл. Алғаш орталық ретінде ашылған онкогематологиялық бөлім 25 жыл ішінде қаншама мың бала мен олардың ата-аналарына үміт сәулесін сыйлып, емделмейді деген «жаман ауруды» жеңіп, мыңдаған отбасыларға қуаныш пен бақыт сыйлауда. 21-22 маусым күндері ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстан Педиатрлар Одағы, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының ұйымдастыруымен Алматыда онкогематологиялық қызметтің 25 жылдығына орай «Балалар онкогематологиялық қызметінің дамуына 25 жыл: жетістіктері мен келешегі» деген тақырыппен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

            Халықаралық деңгейде өтетін жиынға ҚР Денсаулық сақтау министрі Е.А.Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Л.М.Ақтаева, ҚР ҰҒА академигі Камал Ормантаев, Ресей, Түркия, Швейцария, Беларусь, Украина, Қырғыстан, Тәжікстан және т.б. елдердің шетелдік және қазақстандық ғалымдары, әлемнің ең мықты онколог-дәрігерлері, үкіметтік емес ұйымдардың, ТМД елдері практикалық денсаулық сақтау ұйымдарының өкілдері, ата-аналар қауымдастығы, қоғамдық ұйымдар, еліміздің барлық аймағынан медициналық ұйымдардың өкілдері мен онколог-дәрігерлері, жалпы саны 200-ден астам делегат қатысады.

            Конференцияда онкологиялық және гематологиялық ауруларға шалдыққан балалар мен жасөспірімдерге мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетуді ұйымдастыру аспектілері, балалар жасындағы онкологиялық және гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің бүгінгі инновациялық технологиялары, онкологиялық және гематологиялық ауруларға шалдыққан балалар мен олардың отбасыларына психологиялық және әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері және ерте анықтау мен емдеудің өзекті мәселелері талқыланады.

            ҚР ДСМ-нің Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы жанынан ашылған Республикалық балалар онкогематологиялық бөлімі 1993 жылдың 10 мамыр күні ашылды. 60 төсек-орынға арналған алғашқы бөлімшенің ашылуына Педиатрияның атасы, сол кездері орталық басшысы болған, белгілі академик Камал Ормантаев пен профессор Күлән Омарова мұрындық болды.

            1993 жылға дейін, яғни балалар онкогематологиялық орталығы ашылғанға дейін бұл ауру айықпайтын және қатерлі деп саналды. Бұл мәселені шешудің жалғыз жолы — лейкозды емдеудің халықаралық хаттамасын енгізу болды. Сонау қиын кездері орталықтың құрылуы «КЭР-Германия» қайырымдылық ұйымы мен «Бөбек» балалар қорының төрайымы Сара Алпысқызы Назарбаеваның қолдауымен мүмкін болды. С.А.Назарабаева қайырымдылық телемарафонын ұйымдастырып, бір жыл бойы орталықты қажетті дәрі-дәрмектермен, қажетті тұрмыстық техникамен қамтамасыз етті. Осылайша, ТМД елдері мен Орталық Азияда ғане емес, елімізде тұңғыш рет онкогематологиялық орталығы ашылып, Австрия мен Германияның халықаралық BFM бағдарламалық емі қолданыла бастады. Бұл әдіс әлі күнге дейін елімізде қолданылып келеді. «BFM» хаттамасы дегеніміз - Берлин, Франкфурт, Мюнстер. Осы үш қаланың ғалымдары балалардың онкологиялық ауруын емдеу мақсатында арнайы бағдарлама құрған. Қазірдің өзінде әлемнің 30 елі бұл әдісті қолданады. Тәжірибе көрсеткендей, бұл әдістің көмегімен соңғы 25 жылда ақ қан ауруының лимфобласты түріне шалдыққандардың 82 пайызға, ал қан ауруының ең қауіптісі саналатын миелойдты түрінің 62 пайызы жазылды. Қазақстанда балалар онкогематологиялық қызметінің ашылуымен, соңғы 25 жылдағы дамуы жіті лейкозға шалдыққан науқастардың өміршеңдігін жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. Қазіргі таңда елімізде онкологиялық дертке шалдыққан бүлдіршіндерді аман алып қалу үшін барлық амалдар қарастырылуда. Жыл өткен сайын бұл ауруға да тойтарыс беріле бастады. Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының «Онкогематология» бөлімі ашылған уақыттан бері осы қауіпті кеселдің алдын-алу, науқасты емдеумен айналысып келеді.

            Елімізде балалар онкологиясын емдейтін екі республикалық орталық бар. Оның бірі Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы болса, екіншісі Астанадағы Ана мен бала ұлттық ғылыми-зерттеу орталығы. Балаларға диагностикалық және емдік көмек көрсететін онкологиялық және гематологиялық бейіндегі Педиатрия орталығы 115 төсек-орынға арналған.

            ҚР Денсаулық сақтау министрлігі онкологиялық ауруға шалдыққан балалардың мәселесіне ерекше назар аударады. Педиатрия орталығындағы балалар тегін емделеді. Мемлекет қажетті құрал-жабдықтармен, дәрі-дәрмектермен толық қамтып отыр.

            Қазақстанда 2017 жылы алғаш анықталған қатерлі ісіктер саны 610 баланы құрады, оның 39%-ы жіті лейкозға және 61%-ы тығыз ісіке шалдыққандар. Жылына орта есеппен алғанда республикалық орталықтарда қатерлі ісікке шалдыққан 5000-ға жуық бала емделеді.

            Шара аясында онкогематологиялық ауруға шалдыққан балалардың сән көрсетілімі, ауыр дертті жеңген балалар туралы түсірілген «Мен жеңімпазбын!» фильмінің таныстырылымы өтеді. Сонымен қатар, дертінен айыққан, бүгінде отбасылы болып отырған пациенттер ақ халатты абзал жандарға өз алғыстарын білдірмек.

           

Өтетін күні: 21-22 маусым, 2018 жыл;

Басталу уақыты: 09.00-да;

Өтетін орны: Алматы қ-сы, «Royal Tulip Almaty» қонақ үйі, М.Оспанов көшесі, 401/2, «Ballroom» залы.

«Педиатрия және балалар

хирургиясы ғылыми орталығы»

баспасөз қызметі

8(727) 269 69 52

8707 815 18 33 Нәзира Елеухан