19-20 желтоқсан күндері аралығында Душанбеде өткен Қазақстанның медицина күндері аясында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы Тәжікстанның Республикалық онкологиялық ғылыми орталығымен екі жақты әріптестік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Меморандум аясында екі ел арасында медициналық көмек көрсетуді арттыру, медициналық туризмді дамыту, медицина қызметкерлер мен дәрігерлердің біліктіліктерін арттыру, педиатрия және онкология салалары бойынша екі жақты әріптестік орнатылмақ.
Екі күндік шараға еліміздің Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев бастаған 30-дан астам делегат қатысты. Олардың қатарында отандық жетекші медициналық ұйымдар мен клиникалардың бірінші басшылары, санаторлық-курорттық ұйымдардың қызметкерлері, фармкомпаниялар, медициналық университет ректорлары бар.
Шараның мақсаты — Тәжікстан мен Қазақстан денсаулық сақтау жүйелері арасындағы ынтымақтастықты күшейту, медициналық ұйымдар арасындағы әріптестікті нығайту, екі елдің азаматтарына медициналық көмек көрсетудің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету жолында тәжірибе мен біліммен, инновациялар мен технологиялармен алмасу.
Екі мемлекеттің денсаулық саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған шараның бірінші күні форум мен қазақстандық медицина жетістіктерінің көрмесі өтті.
Форум барысында Қазақстандағы медицина саласындағы реформалар, практикалық медицинада қолданылатын инновациялар мен озық технологиялар таныстырылып, отандық медицинаның мүмкіндіктері мен жетістіктері баяндалатын презентациялар жасалды. Тараптар өз тәжірибелерімен, инновациялық және технологиялық жетістіктерімен алмасты. Диалогтық алаңда медициналық туризмді дамыту, ана мен баланың денсаулығын қорғау, репродуктивті хирургияның жетістіктері, кардиология саласында заманауи технологияларды қолдану, кардиохирургиялық қызметті дамыту және денсаулық сақтау саласын цифрландыру және т.б. медицинадағы өзекті мәселелер талқыланды. Форумда қазақстандық жетекші мамандар өз тәжірибелерімен бөлісті.
Іс-шараның екінші күні Душанбедегі жетекші медициналық ұйымдарда шеберлік сыныптары мен консультациялар өткізілді.
Форумға Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрайымы Риза Боранбаева, орталықтың білікті дәрігері Рүстем Бишманов қатысты. Алқалы басқосуда Педиатрия орталығының басшысы Қазақстандағы педиатрия саласының мүмкіндіктері мен перспективалары жайында сөз етті. Орталық делегаттары сапар барысында Республикалық онкологиялық ғылыми орталығында болды. Кездесу барысында Педиатрия орталығының басшысы Р.Боранбаева «Қазақстандағы Педиатрия — мүмкіндіктері мен келешегі» тақырыбында таныстырылым жасап, Тәжікстан онкологиялық орталығының қызметімен танысты.
Шара барысында Қазақстан мен Тәжікстан медициналық ұйымдары арасында жалпы саны 31 меморандумға қол қойылды.
#Душанбе
#Форум
#Тәжікстан
#Қазақстанмедицинакүндері
#Педиатрияорталығы