Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының дәрігерлері: балалар анестезиолог-реаниматологы Камшат Урстемова және хирург-неонатолог Гүлмира Каукенбаева 21-25 қыркүйекте Шымкент қаласының Қалалық клиникалық ауруханасында «Периоперациялық кезеңде жаңа туған нәрестелерді күту және қарқынды жүргізу» тақырыбында шеберлік сыныбын өткізді.

Шеберлік сыныбының мақсаты: неонатологтарды, неонаталдық анестезиолог-реаниматологтарды жаңа туған нәрестелердегі туа біткен даму ақаулары мен күрделі жағдайлар кезінде диагностикалау мен емдеудің заманауи әдістеріне оқыту.

Шеберлік сыныбына келесі мамандықтар бойынша дәрігерлер қатысты: неонатология, анестезиология, жаңа туған нәрестелердің реанимациясы және қарқынды емі, неонаталдық хирургия, педиатрия.

Туа біткен даму ақауы (ТДА) перинаталдық өлім-жітім себептерінің құрылымында көш бастап тұр. Әлемдік статистикаға сәйкес ТДА жиілігі 1000 босануға 5-6 жағдайды құрайды, ал өлім-жітім 30-40% құрайды. Туа біткен даму ақаулары денсаулық сақтаудың ғана емес, жалпы мемлекеттің де күрделі проблемаларының бірі болып табылады, өйткені оларды емдеу, сондай-ақ балалардың мүгедектігінің жоғары деңгейі үлкен материалдық шығындарды талап етеді және нәресте өлімінің себептерінің бірі болып табылады.

Медицина дамуының қазіргі кезеңінде негізгі міндет осы пациенттердің өмір сүру көрсеткішін, оңалту және жоғары өмір сүру сапасын жақсарту болып табылады. ТДА-мен әр жағдайдың нәтижесі көбінесе білікті неонатологтар, неонатальды хирургтар, анестезиолог-реаниматолог мамандардың және мейірбикелердің үйлесімді командалық жұмысына байланысты.

Шеберлік сынып бағдарламасына сәйкес, неонатологиядағы септикалық жағдайларды диагностикалау және қарқынды емдеу, туа біткен даму ақауы бар нәрестелерді операцияға дейінгі дайындау, анестезиологиялық қамтамасыз ету және периоперациялық жүргізу мәселелері қаралды. Пульмонологиядағы ауыр жағдайларды қарқынды емдеу. Сақтану режимі, жаңа туған нәрестелерге күтім жасау және қиын жағдайларда емдеу бойынша негізгі принциптер, заманауи технологиялар.