17 ақпан күні «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС-нің (ҚФК) өкілдері Бүкіләлемдік балалардағы қатерлі ісік ауруына қарсы күрес күні аясында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының балалар онкологиясы және гематология бөлімдерінде қатерлі дертпен күресіп жатқан балаларға сыйлықтар сыйлады. Атап айтқанда, 60-тан астам ойыншық жиынтықтарын, барлық жасқа арналған конструкторлар, дамытатын ойыншықтар, үстел ойындары, пазлдар, сурет дәптерлері мен бояу қарындаштарын және онкогематология бөліміндегі ата-аналар мен балалар қажеттілігі үшін бір ыдыс жуғыш машинасы мен екі тоңазытқышты сыйға тартты.

Сыйлықтарды «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС-нің өкілдері Жанна Жұманова мен Наби Адина табыстады.

- «Біз барлық балаларға тезірек толық сауығып кетуін тілей отыра, «Қарағанды фармацевтикалық кешені» атынан орталықта емделіп жатқан кішкентай пациенттердің қажеттіліктеріне арналған жабдықтар мен ойыншықтарды үлкен қуанышпен жеткізіп, табыс етеміз. Орталықтағы әр дәрігердің баға жетпес еңбектеріне алғысымызды білдіріп, зор денсаулық тілейміз. Біз қайырымдылық көмектің әр ата-анаға бақыт, балаларға шаттық сыйлайтынына қуаныштымыз», деп атап өтті «Қарағанды фармацевтикалық кешені» ЖШС-нің өкілі Адина Наби.

Табыстау рәсімінде Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басқарма төрайымы Риза Боранбаева орталық және ата-аналар атынан компанияға алғысын білдіріп: - «Позитивті, жағымды эмоциялардың кез-келген дертпен күресуде үлкен оң әсері бар. Біз «Қарағанды фармацевтика кешені» ЖШС компаниясының басшылығына балаларға қуаныш пен шаттық сыйлағандары үшін зор алғысымызды білдіреміз! Сіздерге тек жетістік, табыс пен өркендеу тілейміз!»деді.

Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында жылына еліміздің әр аймағынан 6 мыңға жуық бала ем алады. Орталықтағы онкология және гематология бөлімі 134 төсек орынға арналған. Бұл бөлімдер арқылы жылына 2500-ден астам әр түрлі онкологиялық және гематологиялық ауруларға шалдыққан балалар ем алады.

#қайырымдылық

#қарағандыфармацевтикалықкешені

#Педиатрияорталығы

#балалардағықатерлі дертпенкүрескүні