15 қазан күні «Жарыс арена» футбол алаңында Педиатрия орталығы қызметкерлері арасында шахматтан және футболдан жарыс өтті. Айтулы жарыс Республика күніне орай арнайы ұйымдастырылды.
Кәсіподақ ұйымының ұйымдастыруымен өткен жарысқа 40 қызметкер қатысты. Футболшыларды қолдауға мекеме басшылары мен әріптестері де келіп, жанкүйер болды. Ақ халаттарын аяқ добына ауыстырған дәрігерлер тамаша ойын көрсетіп, барша қауымды салауатты өмір салтын қалыптастыруға шақырды.
Футбол ойыны қызықты да тартысты өтті. Сайыс қорытындысы бойынша 1 орынға - Параклиника командасы ие болды, 2 орынды Онкогематология мен реанимация бөлімі дәрігерлерінен құралған команда иеленді, 3 орын - Хирургия командасына бұйырды.
Шахматтан өткен жарыста №1 хирургия бөлімінің дәрігері Нұржан Афлатонов үздік ойын көрсетіп, жеңіске жетті. Ал, Педиатрия орталығы қызметкерлері балалары арасында өткен шахмат жарысында онкохирург Бегайдар Елібаевтің ұлы Елібай Әлихан мықты шахматшы екенін көрсетіп, айқын басымдылықпен жеңіске жетті.
Барлық жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
«Қызметтен тыс, түрлі іс-шаралар әріптестікті арттырып, ұжымды ауызбіршілікке шақыратыны сөзсіз. Сондықтан, алдағы уақытта түрлі спорттық жарыстарды ұдайы өткізу жоспарымызда бар», дейді Кәсіподақ мүшесі Сүндет Саргелов.
#футбол
#Педиатрияорталығы
#шахмат
#жарыс
#Республикакүні
#Балалардәрігерлері
#Кәсіподақ