16 ақпан күні «Ramada Almaty» қонақүйінде 28 ақпан - Дүниежүзілік сирек кездесетін аурулар күніне орай «Мукополисахаридоздар және мукополисахаридоз тәрізді аурулар» тақырыбында интерактивті семинар өтті.

Шараның басты мақсаты - осы аурулар туралы ақпараттандыруды арттыру, сонымен қатар еліміздің әр өңірінде мукополисахаридозбен және мукополисахаридоз тәрізді аурулармен ауыратын науқастарды емдеуде көпжылдық тәжірибесі бар педиатрлар/ЖТД, ЛОР және ортопедтерден тұратын   арнайы топты ұйымдастыру.

«Семинарға еліміздің әр өңірінен 45-тен астам дәрігерлер қатысты. Кездесуде мукополисахаридозды диагностикалау мен емдеудің негізгі клиникалық белгілері, заманауи әдістері, мукополисахаридозбен ауыратын науқастардағы отоларингологиялық мәселелер, мукополисахаридоз тәрізді аурулар мен ахондроплазияның дифференциалды диагностикасы, ауруды ерте диагностикалаудағы мультидисциплинарлық тәсілдің маңызды аспектілері, патогенетикалық ферментті алмастыру, ҚР мукополисахаридозымен ауыратын науқастардың оңалту терапиясы сынды пациенттердің денсаулығы мен өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беретін мәселелер талқыланды», деді Мукополисахаридоз бойынша республикалық үйлестіруші, Педиатрия орталығының және балалар хирургиясы ғылыми орталығының дәрігері Майра Шарипова.

Семинар барысында қатысушылар түрлі клиникалық жағдайларды талқылады.

Іс-шараны ұйымдастырушылары: Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, «Педиатрлар одағы» ҚБ және Мукополисахаридоздар және сирек кездесетін аурулармен ауыратын науқастарға арналған «Жаңа Өмір» қоғамдық қоры.

 

#семинар

#мукополисахаридоз

#сирекаурулар

#Педиатрияорталығы

#ПедиатрларОдағы