Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының мамандары 17-19 мамыр күндері аралығында Бакуде (Әзірбайжан) өткен «Әзірбайжандағы балалар хирургиясы күндері» I Халықаралық форум жұмысына қатысты.
Әзірбайжан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің ұйымдастыруымен өткен форумға Қазақстан Республикасынан бір топ хирург дәрігерлерінен құралған делегация қатысты. Қазақстандық балалар хирургтары делегациясын «Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы» АҚ Басқарма төрағасы Абай Құсайынов бастап барды.
Форумға 10 елден: Түркия, Ирак, Грузия, Ресей, Беларусь, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзірбайжан, Қазақстан, Өзбекстаннан 500-ден астам қатысушы қатысты.
Екі күн ішінде балалар хирургиясының 13 бағыты бойынша 168 баяндама тыңдалды. Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығынан эндоскопист-хирург Нышанбек Шыланбаев, анестезиолог Әлия Нұрғалиева және балалар хирургі Шалқар Қасенов қатысып, балалар хирургиясының өзекті тақырыптары бойынша баяндама жасады.
Форумда Абай Зікрияұлы Құсайынов «Өңеш хирургиясы» секциясының төрағасы болды. Форум барысында А.З.Құсайынов әр елден келген институт, клиника басшыларының қатысуымен өткен дөңгелек үстел отырысына қатысты. Басқосуда практикалық денсаулық сақтау, сондай-ақ ғылыми және білім беру салаларындағы одан әрі ынтымақтастықтың мүмкіндіктері мен перспективалары туралы мәселелер талқыланды.
Қазақ елінің атынан қатысқан балалар дәрігерлері балалар хирургиясының барлық бағыттары бойынша 12 баяндама жасап, сарапшылар тарапынан жоғары бағаға ие болды.
19 мамырда Әзірбайжан медициналық университетінің Балалар хирургиялық клиникасында эндоскопиялық хирургия бойынша жетекші мамандардың қатысуымен шеберлік сыныбы өтті.