23-24 қазан күндері Алматыда «Педиатрия және балалар хирургиясының заманауи мәселелері: тәжірибе, инновациялар және жетістіктер» атты ғылыми-тәжірибелік конференция және «Жас зерттеуші: заманауи педиатрия және балалар хирургиясы дамуының сын-тегеуріні мен келешегі» тақырыбында докторанттар, магистранттар мен резиденттерге арналған жас ғалымдар мектебі өтті.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен «Педиатрлар Одағы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен конференцияға атақты ғалымдар, тәжірибелі педиатрлар мен балалар хирургтарымен қатар Қазақстаннан және шетелден 100-ден астам спикерлер қатысты. Конференция гибридтік форматта өтті, бұл әртүрлі аймақтардан келген көптеген мамандарға балалар ауруларын диагностикалау мен емдеудің жаңа әдістерімен танысуға мүмкіндік берді. Оффлайн және онлайн түрінде өткен конференцияға жалпы саны 1500-ден астам балалар дәрігерлері қатысты.
Бұл конференция жыл сайын өткізіледі және Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы үшін дәстүрге айналды. Конференцияның басты мақсаты - педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы өзекті мәселелерді көтеру, дамуы мен келешегін саралау, жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы инновациялар бойынша жас ғалымдар арасында тығыз халықаралық қарым-қатынасты орнату, жас мамандарды ғылыммен айналысуға шақыру.
Балалар дәрігерлерінің басын қосқан конференцияда балалардағы ауруларды емдеу мен диагностикалаудың заманауи әдістері, педиатрия және балалар хирургиясын дамытудың ғылыми және практикалық аспектілері, балалар денсаулығын сақтау қызметіне инновациялық технологияларды енгізу, перинаталдық патологиялар бойынша диагностикалау мен емдеу, алдын-алу бойынша жаңа тиімді технологияларды енгізу мен дамыту, балалар хирургиясындағы өзекті мәселелер, балалардағы туа біткен ақауларды диагностикалау және хирургиялық емдеу мәселелері, балалардағы онкологиялық және гематологиялық ауруларды диагностикалау мен емдеудің заманауи технологиялары, сирек кездесетін ауруларды ерте диагностикалау, емдеу, оңалту, асқынулардың алдын алу және тіркеу мәселелері және т.б. педиатрия және хирургия саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланып, ғылыми жобалар ұсынылды және практикадағы ерекше клиникалық жағдайлар ортаға салынды.
Конференцияның ашылу салтанатында ҚР ДСМ Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова, С.Д.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың проректоры Светлана Сұлтанғазиева, Орталық Азия балалар хирургтары қауымдастығының президенті м.ғ.д., профессор Ш.Т. Салимов, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Басқарма төрағасы Абай Құсайынов алғы сөз сөйлеп, шараның маңыздылығын атап өтіп, ғылымға қадам басқан жас ғалымдарға жаңа ізденіс тіледі.
«Жастар – қоғам дамуының негізгі күші, ел болашағының тірегі. Олардың ізденісі, білімге құштарлығы мен жаңашыл ойы ғылым мен техниканың өркендеуіне жол ашады. Бүгінгі таңда жастардың ғылымға, әсіресе денсаулық сақтау саласындағы зерттеулерге белсене қатысуы ерекше маңызды. Жас ғалымдардың еңбегі жаңа медициналық технологиялардың дамуына, адам өмірін сақтауға және денсаулық сапасын жақсартуға үлес қосады. Сондықтан жастардың ғылыми бастамаларын қолдау – еліміздің жарқын әрі салауатты болашағына салынған инвестиция. Біздің жастарымыз ғылым мен білімге ұмтылып, елдің болашағын ойлайтын болса, келешегіміз кемел, тәуелсіздігіміз баянды болары сөзсіз», деп атап өтті Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Абай Құсайынов.
Конференцияның екінші күні Жас ғалымдар мектебіне арналды, онда резиденттер, магистранттар, докторанттар және еңбек жолын енді бастаған жас дәрігерлер алғашқы ғылыми зерттеулерінің нәтижелерімен бөлісті. Жас ғалымдар барлығы педиатрия және балалар хирургиясы бойынша 50-ге жуық ауызша және постерлік презентациялар ұсынды.
- «Заманауи медициналық ғылым мен практиканың дамуы жас ғалымдардың ғылыми әлеуетінсіз мүмкін емес. Сондықтан біз жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, жас ізденушілерді ғылыммен айналысуға шақыру мақсатында бүгінгі шараны өткізудеміз. Ғылыми-зерттеу жұмыстар тәжірибемен ұштасуы керек деп санаймыз. Ертеңгі медицина бүгінгі жастардың қолында. Бүгінгі конференция балалар жасындағы ауруларды диагностикалау, емдеу және алдын алудағы негізгі мәселелерді саралап, дұрыс жолды айқындауға мүмкіндік береді деп үміттенеміз. Бұл конференция жастарды ғылымға тартуға жол ашуда десем болады. Бізді биылғы қатысушылардың ерекше дайындығымен келгендігі, практикалық денсаулық сақтау бойынша ұсыныстары, мазмұнды тамаша баяндамалары, сонымен қатар жастардың ерекше белсенділік көрсеткендігі қуантты», деді қазылар алқасының мүшесі, Басқарма төрағасының ғылыми және инновациялық қызметтер жөніндегі орынбасары Лязат Манжуова.
Конференция соңында ұсынылған жұмыстар «Үздік баяндама», «Үздік мақала», «Үздік постерлік баяндама» аталымдары бойынша анықталып, арнайы дипломдармен марапатталды. Ғылыми жобаларды педиатрия және хирургия саласының білікті мамандарынан құралған қазылар алқасы саралады.
Жеңімпаздар
Педиатрия мамандығы бойынша:
Үздік постерлік баяндама – ҚазҰМУ резиденттері: Баймұрат Сая Назарханқызы мен Жолдас Гүлнұр Асылбекқызы.
Үздік мақала – Тобылжан Ғалымұлы Саликов, Қарағанды медицина университетінің резиденті.
Үздік ауызша баяндама – Қанапина Анель Бағдатқызы, Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығының жалпы педиатрия дәрігері.
Балалар хирургиясы мамандығы бойынша:
Үздік постерлік баяндама – Райханов Данияр Жансерікұлы, Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығының резиденті.
Үздік мақала – Нышанбек Ратбекұлы Шыланбаев, Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығының Эндоскопия секторының меңгерушісі.
Үздік ауызша баяндама – Ахмадкул Ирискулович Жапаров, медицина ғылымдарының магистрі, ОҚМУ докторанты, Шымкент қ.
Балалар онкологиясы және гематологиясы:
Үздік постерлік баяндама - Халжан Гаухарай Сайфуллақызы, Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығының резиденті.
Үздік мақала –Ибрашева Аружан Майысжанқызы және Көбейсін Нұрдаулет Ерболатұлы, Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығының резиденттері.
Үздік ауызша баяндама – Смаилова Камила Жасұланқызы, Астана қаласы, UMC резиденті.
Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығы емдеу мекемесі ғана емес, тәжірибелі кадрларды дайындайтын, ғылыми жобаларды іске асыратын орталық болып табылады. «Педиатрия» және «Бала хирургиясы» саласы бойынша резиденттер осында оқытылады. Бүгінгі күні Педиатрия орталығынан түлеп ұшқан жас мамандар еліміздің әр аймағындағы медициналық орталықтар мен мекемелерде қызмет жасауда.
«Педиатрия және балалар
хирургиясы ғылыми орталығы»
баспасөз қызметі
8(727) 269 69 52


