14 сәуірде Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында Қазақстан ғылымы күніне арналған «Медицина ғылымының заманауи тенденциялары» тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті.
Дөңгелек үстелге еліміздің әр өңірінен түрлі ғылыми орталықтар мен медициналық оқу орындарының резиденттері, интерндері мен магистранттары және докторанттары қатысты. Офлайн және онлайн форматында өткен шара басқа қалалардан да жас мамандардың қатысуына мүмкіндік берді.
Шараның ашылуында Н.А.Барлыбаев атындағы балалар аурулары кафедрасының меңгерушісі, м.ғ.д., профессор Г.Т.Ташенова және Қазақстан-Ресей медициналық университетінің ғылыми және клиникалық жұмыстар жөніндегі проректоры, м.ғ.д., профессор А.А.Сейдалин құттықтау сөз сөйлеп, жас дәрігерлерге ғылыми ізденіс жолындағы сапарларына сәттілік тіледі.
Дөңгелек үстелде интерндер мен резиденттер өздерінің алғашқы ғылыми-зерттеу жобаларымен бөлісті. Бұл кішігірім қолданбалы ғылыми жобалар болғанымен, олар ғылыми ізденіс жолындағы алғашқы қадамдар болды. Жиында Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан медицина университеті, Қарағанды медицина университеті, Қазақстан-Ресей медицина университеті және т.б. ЖОО жас дәрігерлері, интерн мен резиденттердің баяндамалары тыңдалып, талқыланды.
Дөңгелек үстел соңында қатысушылар әртүрлі ғылыми салалар бойынша викторинада білімдерін сынады. Ең дұрыс және жылдам жауап берген үш қатысушы жеңімпаз деп танылды. Олар:
1 орын – Маликов Хавасбек Тұрғынбайұлы (Асфендияров атындағы ҚазҰМУ резиденті)
2 орын – Шыхева Мадина Алламұратқызы (ПБХҒО резиденті)
3 орын – Тоқтарқызы Әйгерім (ПБХҒО резиденті).
Біз алдағы уақытта осындай іс-шаралар жас мамандардың басын қосып, бірлескен ғылыми жобалар мен зерттеу жұмыстарын талқылауға арналған алаңға айналатынына сенеміз.
Ғылым күні – мемлекеттің зияткерлік әлеуетінің символы, ғылымның дамуын, ғалымдардың еңбегін мойындауды және жас зерттеушілерді қолдауды білдіреді.
#дөңгелекүстел
#ғылым
#білім
#Педиатрияорталығы


