«Шығыс пен батыс арасында көпір орнату» бағдарламасы аясында өткізілген акциядан түскен қаражатқа Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының Соматика бөлімінде орналасқан ойын бөлмелеріне жиһаздар сыйлыққа тартылды. Соматика бөлімінде еліміздің әр өңірінен ауыр науқасқа шалдыққан балалар ем алады. Балаларға қажетті ойын бөлмесі балалардың сауығып кетуі мен оңалтуда үлкен маңызға ие.
Бұл қайырымдылық шарасынан түскен қаражаттың бір бөлігі сонымен қатар, ауланы абаттандыруға бөлінді. Орталықтың ауласында шыршалар егілген аллея бой көтерді.
Бағдарламаның бастамашысы әрі үйлестірушісі Лариса Инджуджянның айтуынша қайырымдылық жобалар ірі медициналық орталықтарда өткізілуде. «Әр мекемеге не қажет екенін мамандармен бірге ақылдаса отырып шешеміз. Балаларға қуаныш сыйлау – үлкен бақыт. Мұндай бөлмені жаңа жабдықтармен жасақтау бізді де қуантып отыр. Әсіресе, балалардың ата-аналары бізге дән риза. Бізге қолдау білдіріп әдемі жиһаздарды ұсынған «ART» жиһаз компаниясына, оның басшысы Александр Накрайниковке, заттарды орналастыруға көмектескен ЖК «БАЗА» басшысы Болат Әлімбековке, сонымен қатар қайырымды жандар «АНКО» ЖШС директоры Андрей Власов пен Татьяна Хуторнойға алғысымды білдіремін. Сонымен қатар, ағаштарды отырғызуға көмектескен Камкаш Досмамбетоваға шексіз ризашылығымды айтамын. Мен үшін көпке үлгі болып отырған бәрінің есімін атау маңызды. Жақсы адамның атын ата нұры тасысын дейді... Бұл ойын бөлмелерінде балалар бір сәтке болсын ауруын ұмытуға септігін тигізсін. Әлемде ешбір бала ауырмасын!», деді бөлменің ашылу салтанатында Л.Инджуджян.
Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды. Балаларға қуаныш сыйлап, жүрек жылуын ұсыну әрбір адамның азаматтық парызы болуы керек. Қайырымдылық – адамның бойындағы асыл қасиеттердің бірі. Жүрегі кең, жаны таза, қайырымды да жақсы жандар қашанда құрметке лайықты азаматтар.