20 қараша - БҰҰ Ассамблеясының 1989 жылы Балалар құқы Конвенциясын қабылдап, қол қойған күні. 1954 жылы БҰҰ-ның Бас Ассамблеясы бүкіл әлемде балалардың аман-саулығын қамтамасыз етуге бағытталған игі іс-қимылдарға арналған балалардың бүкіләлемдік бауырластығы мен өзара түсіністігінің белгісі ретінде «Дүниежүзілік балалар күнін» барлық елдерде атап өтуді ұсынды. Биыл бұл мереке бүкіл әлем бойынша кең ауқымда аталып өтілмек.
Биылғы жылы ЮНИСИФ-БҰҰ Балалар қоры өз әріптестерімен «Дети у руля» ұранымен ауқымды акция ұйымдастыруда. Жаһандық акцияға Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы да қолдау білдіріп, бүгін «Сәби үміт – сөнбесін!» атты психологиялық тренинг өткізді.
Шараға педиатрия орталығында ем алып жатқан әр түрлі жастағы балалар қатысты. Тренингті орталықтың психологы Нүсіпжанова Гүлжәмила өткізді. Әңгімелесу-ойын түрінде өткен тренингте балалар сурет салып, қызығушылықтарымен, өз арман-мақсаттарымен бөлісті. Сонымен қатар өз қолдарымен дайындап әкелген заттарын көрмеге ұсынды. Дәріс барысында орталық қызметкерлері түрлі-түсті шарлардан гүл, күшік, аққу, қылыш, семсер, көбелек жасауды үйретіп, шеберлік сынып өткізді.
Балалардың бірі ұшқыш болуды армандаса, екінші бірі ұстаз, сәулетші, IT маманы болуды армандайтынын айтты. «Мен өскенде дәрігер боламын. Әлемде ешбір бала ауырмағанын тілеймін!», деді 7 жастағы Диляра есімді кішкентай қыз. Көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған шара соңында ата-аналар да өз лебіздерін білдіріп, педиатрия орталығы дәрігерлеріне үлкен алғыстарын жеткізді.
Педиатрия ғылыми орталығының психологы Г.Нүсіпжанованың айтуынша, психологиялық тренингтер балаларға позитивті көңіл-күй сыйлайды, бір сәтке болсын ауруын ұмытуға көмектесіп, өмірге деген құлшынысын арттырады.
Балалар денсаулығын жақсартуға арналған Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында жылына 6000-нан астам бала жоғары деңгейде қажетті медициналық көмек алады. Клиникада туа біткен даму ақауын, қан ауруларын, қатерлі ісікті, тыныс алу және ас қорыту органдарының ауруларын, тұқым қуалайтын синдромдарды, біріншілікті иммунтапшылығын және басқа да балалар жасындағы күрделі ауруларды әлемдік стандарт бойынша емдейтін хирургия, неонатология, онкология, гематология, соматика, пульмонология, кардиоревматология, балалар кардиохирургиясы сынды 16-дан астам бөлімдер бар.
Айта кетейік, халықаралық ұйым Қазақстанда тәуелсіздік алған жылдардан бері жұмыс істеп келеді. БҰҰ Балалар қорының басты қызметі Қазақстандағы балалардың жағдайын жақсартумен байланысты нақты жобаларды іске асыруға, соның ішінде бала және ана өлімін төмендетуге, балалар үшін достық әлеуметтік орта құруға, балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтерді азайтуға, балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың алдын алуға және оған жол бермеуге бағытталған.
{gallery}News_20.11.2017{/gallery}