Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында 6-18 қараша күндері аралығында «Балалардағы созылмалы спецификалық емес өкпе аурулары» тақырыбында дәрігерлердің біліктілігін арттыру дәрісі өтті.
Дәріске Алматы қаласының 30-дан астам педиатр, пульмонолог және жалпы тәжірибедегі дәрігерлері қатысты.
Шеберлік сыныпты Педиатрия орталығының пульмонология және сәулелі диагностикалау бөлімдерінің білікті дәрігерлері: медицина ғылымдарының докторы Мунира Байжанова, медицина ғылымдарының кандидаттары Шамшагүл Наурызалиева мен Сүндет Саргелов өткізді.
Шеберлік-сыныптың басты мақсаты – бала пульмонологиясы мәселелері бойынша дәрігерлердің білімін тереңдету, бронхөкпе жүйесінің түрлі ауруларына шалдыққан балаларды диагностикалау мен емдеудің жаңа әдістерін меңгеру бойынша дәрігер-педиатрлардың практикалық дағдыларын жетілдіру. Созылмалы спецификалық емес өкпе ауруларының тобына жататын ауруларды анықтау, олардың жалпы ерекшеліктеріне көңіл бөлу.
Екі апта бойы өткен дәрісте мамандар созылмалы өкпе ауруына шалдыққан балаларға, асқынған жұқпалы-қабынбалы ауру барысында өкпе және бронх дамуының ақауы бар балаларға, сонымен қатар иммунтапшылығы жағдайындағы науқастардың өкпесінің зақымдануы, өкпенің генетикалық анықталған аурулары кезінде балаларға емдік-диагностикалық көмек көрсету, ерте анықтау мен емдеу бойынша білімдерін жетілдіріп, біліктіліктерін арттырды.
Шеберлік сыныптарда созылмалы бронхиттің этиологиясын, патогенезін және морфологиялық ерекшеліктерін зерттеу, олардың созылмалы спецификалық емес өкпе ауруы барысының дамуындағы ерекше маңызы баса айтылып, созылмалы пневмониялар бронх және өкпе тіндеріндегі түрлі өзгерістердің үйлесуімен сипатталатынына көңіл бөлініп (созылмалы бронхит және бронхоэктаздар, іріңдеу, карнификация, дәнекер тіндердің ұлғаюы, қан тамырларының склерозы), созылмалы пневмонияның дамуына себепші жағдайлар талданды.
Сондай-ақ, бронхэктаз ауруы мен олардың пневмосклероз және өкпе эмфиземасы дамуындағы рөліне жіті тоқталып, созылмалы пневмония кезінде ағзада туындайтын өзгерістерді (кіші қан айналымы шеңберінің гипертензиясы, оң жақ жүрек гипертрофиясы, амилоидоз дамуымен бірге заттек алмасуының бұзылысы) қалай анықтау керек екендігін үйренді.
Дәрігерлер сонымен бірге аурудың инфекциялық-аллергиялық сипатына көңіл бөле отырып, бронх демікпесінің этиопатогенезін зерттеп, ұстама кезінде және созылмалы ауру барысындағы морфологиялық өзгерістер бойынша дәрістер алды.
Соңғы жылдары көптеген тыныс алу органдары ауруларының морфологиялық маңыздылық барысы ұғымында айтарлықтай ілгерілеуге қол жетті. Тыныс алу мүшелері ауруларын диагностикалауда қазіргі клиникалық морфологияның көптеген әдістері бар. Солардың ішінде неғұрлым маңыздысы қақырықты, бронхоальвеолярлықшайындыны (бронхоальвеолярлық лаваж) цитологиялық және бактериоскопиялық зерттеу, бронх және өкпе биопсиясы. Тыныс алу мүшелері ауруларының ерте құрылымдық білінуі туралы алынған жаңа деректер тиімді емдеу үшін морфологиялық диагностиканың нәтижелерін пайдалануға мүмкіндік береді.
Дәрігерлер созылмалы өкпе ауруларын емдеу бойынша біліктіліктерін арттырды
- Просмотров: 878