ҚР ДСМ Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының кардиохирургия және интервенциялық кардиология кафедрасының меңгерушісі, балалар кардиохирургы Сәрсенбаева Гүлжан Искендірқызы «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанды. Жобаға 3000-нан астам үміткер қатысты.
Еске сала кетейік, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылды. Жобаның басты мақсаты – Тәуелсіздік дәуірінде еліміздің көркеюіне үлес қосқан, ұлтымыздың алтын қорына енуге лайықты жерлестерімізді көпшілікке таныту.
Елбасы өз Жолдауында да: «Ұлт мақтанышы біздің бұрынғы өткен батыр бабаларымыз, данагөй билеріміз бен жырауларымыз ғана болмауы тиіс», деп, тәуелсіздік жылдары елдің дамуына үлес қосқан, алайда есімдері тасада қалып қойған замандастарымыздың жетістіктерінің тарихына да назар аудару керектігін жеткізген еді. Бүгін бұл идея «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасы арқылы іске асырылып отыр.
Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев көпшіліктің онлайн дауыс беруі нәтижесінде анықталған жобаның жеңімпаздарымен кездесті. Мыңнан іріктеліп, дараланып шыққан, сан саланы тізгіндеген 102 адамның барлығы еліміздің дамуына қомақты үлес қосып, қоғамға пайдасын келтірген, болашақ ұрпаққа үлгі болып, өзінің жаңашылдығымен көзге түскен ұлықтауға лайықты жандар. Аталмыш кездесуге Педиатрия орталығының дәрігері Гүлжан Искендірқызы да қатысып қайтты.
«Елбасы қабылдауында болғаныма, жоба жеңімпазы атанғаныма шексіз қуаныштымын. 100 жаңа есімнің қатарынан көрінуді ең алдымен көп жылғы еңбектің, алған білімімнің жемісі деп білемін. Мен 2005 жылы Елбасы мүмкіндік берген «Болашақ» бағдарламасымен шет елде білім алып, соның нәтижесінде көп кішкентай сәбилерге өмір сүруге мүмкіндік берудеміз. Жылына біздің бөлімде туа бітті жүрек ақауы бар балаларға 500-ден астам ота жасалынады. Мен өз қызметімде жүрекке 1000-нан астам операция жасадым. Олардың көбі жаңа туған нәрестелер мен салмағы бір келіге жетпейтін шала туған балалар. Кішкентай пациенттерің өмірі бізге сеніп тапсырылады. Біздің қызмет ең ауыр да жауапты жұмыс. Соған қарамастан мен өз қызметімді жақсы көремін. Мен үшін ең үлкен жетістік - балалардың және олардың ата-аналарының бақытты жүзін көру» - деді Г.Сәрсенбаева.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев түрлі қайырымдылық шараларға қатысып жүздеген сәбилерді емдеп, еліміздің болашағы - сан мыңдаған баланың өмірін арашалап жүрген қайсар қыз Гүлжан Сәрсенбаеваның еңбегін жоғары бағалап, зор алғысын білдірді және мол жетістік тіледі.
Кездесуде өз саласында ерекшеленіп, жетістігімен, табанды еңбегімен көпке үлгі болған бүгінгі күннің тұлғалары: ел мерейін асқақтатып жүрген спортшылар, ақ халатты дәрігерлер, меценаттықпен көзге түскен белді кәсіпкерлер мен ғалымдар, мәдениет пен қоғамдық салада ел аузында жүрген азаматтар да Елбасының жылы лебізіне бөленді.
Педиатрия орталығы ұжымы мен басшылығы атынан еліміздің көркеюі мен медицина саласын дамытуға зор үлес қосып келе жатқан Гүлжан Искендірқызын лайықты марапатымен құттықтап, еңбегінің жемісін көре беруге, арман-мақсатына жету мен алар асулар жолында бұл марапат алғашқы баспалдағы болсын деп тілейміз! Мыңнан дараланған Сіздің тұлғалық қалыптасуыңыз, ұмтылысыңыз бен өзгеге көрсетер ұлағатыңыз, Мәңгілік елдің болашағы – балаларды емдеудегі мол еңбегіңіз кейінгі буынға үлгі болары сөзсіз. Жасампаз елді бірге жасайтын, ұлтымыздың алтын қорына енер Сіз сияқты өз ісінің білгір, кәсіби мамандары жасай берсін!
Біздің анықтама: Балалар кардиохирургы Сәрсенбаева Гүлжан Искендірқызы – ота кезінде және отадан кейін жүректің патологиясын көруге көмектесетін жүрек ақауларын ультрадыбыстық диагностикалауға ие жүрек хирургтарының бірі.
Педиатрия бойынша республикалық жетекші клиника - Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына осыдан 17 жыл бұрын жас дәрігер маман ретінде келіп, тәжірибелі дәрігер, ғылыми қызметкер болып қалыптасты. Қазіргі таңда орталықтың кардиохирургия және интервенциялық кардиология кафедрасының меңгерушісі болып қызмет атқарады.
2000 жылы С.Асфендияров атындағы Қазақ мемлекеттік медициналық университетін (ҚазММУ) «педиатрия» мамандығы бойынша бітірген. 2001 жылы ҚазММУ-дың бала хирургиясы бойынша интернатурасын аяқтады. 2005-2008 жж. А.Н.Бакулев атындағы Жүрек қан-тамырлары ғылыми орталығында нәрестелердің реконструктивті хирургиясы және ТЖА-ға шалдыққан бір жасқа дейінгі балалар бөлімінің базасында аспирантурадан өтті.
2008 жылы «Кардиохирургиялық операциядан кейінгі балалардың неврологиялық ауытқуларына баға беру» тақырыбы бойынша кандидаттық диссертация негізінде «жүрек қан-тамырлары хирургиясы» мамандығы бойынша медицина ғылымдарының кандидаты дәрежесін алды.
Г.И.Сарсенбаева Ресей, Польша, Украинаның медициналық орталықтарында қосымша медициналық білім алды. Жыл сайын кардиохирургия және кардиология бойынша халықаралық конференцияларға, шеберлік сыныптарына (Италия, Польша, Корея,Украинаның мамандарымен бірлесе) қатысады. Киев қаласындағы Бала кардиологиясы және кардиохирургиясы ғылыми практикалық орталығында, Санкт-Петербург қаласындағы қалалық клиникалық балалар ауруханасының кардиология бөлімшесінде тағылымдамадан өткен.
Г.Сарсенбаева 50-ден астам отандық және шетелдік журналдардағы баспалық жұмыстардың авторы. Кәсіби қызығушылық саласы – балалардағы туа біткен жүрек ақауының хирургиясы, неонаталдық кардиохирургия және кардиология, жүрек және қан-тамырларын УДЗ. Ол «Бала кардиохирургиясы», «эходопплерокардиография» мамандықтары бойынша сертификаттардың иегері.
Гүлжан Сарсенбаева сонымен қатар, Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық бағдарламасының степендиаты. «Сердечная помощь», «Мейірімділік үйі» (Қазақстан) қайырымдылық жобаларына да белсене қатысқан.
2011 жылдан бастап педиатрия орталығы базасында кардиохирургия бөлімшесін ұйымдастыруға қатысты. Бөлімше меңгерушісі ретінде 2012 жылы балалар кардиохирургиясы және интервенциялық кардиология бөлімшесін ашты. Бөлімшеде нәрестелік кезеңнен бастап жасанды қан айналдыру аппаратын қолдану және сондай-ақ шағын инвазивтік эндоскопиялық араласу арқылы балалардың жүрек-қан тамырлары жүйесінің күрделі туа біткен даму ақауларына түзетулер жүргізіледі. Қазір бұл бөлімде жылына орташа алғанда жүрекке 400-ден астам ашық операциялар және 300-ден астам эндоваскулярлық операциялар жасалынады (қарынша аралық қалқа ақауларын, жүрекше аралық қалқа ақауларын жабу, үлкен аортоөкпелік коллатеральдық артерия және ашық артериялық түтік кезінде эмболизация, ашық артериялық түтікті стенттеу, баллондық вальвулопластика). Бүгінгі күні кардиохирургияда нәрестелердегі жүректің күрделі ақауын түзету бойынша емдеудің жаңа технологиялары меңгерілді. Бөлімше базасында Италия, Украина, Польша, Түркиядан келген кардиохирургтармен мастер-класстар өткізіледі. Шетелдік клиникалардың мамандары орталық дәрігерлеріне жоғары баға беруде.
Гүлжан Искендірқызы өз қызметімен қатар, республикадағы балалардың денсаулығын зерттеу бойынша ғылыми-техникалық бағдарламаға қатысып, кардиология бойынша резиденттерге клиникалық тәлімгері ретінде сабақ береді. Педиатрия бойынша ОҚО кураторы. Туа бітті жүрек ақауы терапиясы мен диагностикасы мәселесі бойынша консультативті көмек беру, аймақ мамандарының біліктілігін арттыру, медициналық көмектің сапасын жақсарту мақсатында өңірлерге мастер-класс өткізуге үнемі барып тұрады.
{gallery}News_06.12.2017{/gallery}