Бүгін 2018 жылдың 2 наурыз күні Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы, «Педиатрлар Одағы» қоғамдық бірлестігі мен С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың балалар аурулары кафедрасының ұйымдастыруымен «Педиатрия және балалар хирургиясының бүгінгі өзекті мәселелері» атты тақырыпта докторанттар, магистранттар мен резиденттерге арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
«Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Екінші - ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек» деген (Абайдың 32 қарасөзі) ұранмен тұңғыш рет Педиатрия орталығында өткізіліп отырған шара еліміздің барлық медициналық ЖОО докторанттары мен магистранттарын және медициналық мекемелерде резидентурада оқып жатқан 100-ден астам жас педиатр дәрігерлердің басын қосты. «Шараны өткізудегі басты мақсат - жас ғалымдардың ғылыми ізденіс бағыты мен білім беру саласының маңызды мәселелерін талдау, жас ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттыру, педиатрия және балалар хирургиясы саласындағы өзекті мәселелерді көтеру арқылы жас мамандарды ғылыммен айналысуға шақыру. Конференцияға ең үздік деп танылған, арнайы комиссия алқасынан іріктеуден өткен ғылыми жұмыстар ұсынылды. Бүгінгі күні жас педиатрларды дайындауда білім, ғылым мен тәжірибенің интеграциясы маңызды орын алады. Ғылым мен білімнің интеграциясы заманауи эксперименті базада нақты ғылыми-зерттеулер негізінде жас мамандарды дайындауға мүмкіндік береді», - деп атап өтті Педиатрия орталығының басшысы Риза Боранбаева.
Конференцияның ашылу салтанатында С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дың ректоры Талғат Нұрғожин, балалар аурулары кафедрасының профессоры Болат Хабижанов алғы сөз сөйлеп, шараның маңыздылығын атап өтті.
- «Бүгінгі конференция жас дәрігерлер үшін нағыз тәжірибелік маңызы зор шара мен кәсіби өсуде маңызды пікір-алмасу алаңы болып отыр. Ғылымға алғаш қадам басқан жас ғалымдарға жаңа ізденіс тілеймін. Педиатрия саласының болашақ медицинасын дамыту жастар сіздердің қолдарыңызда», деді Т.Нұрғожин.
Ғылыми конференцияда балалардағы ауруларды емдеу мен диагностикалаудың заманауи әдістері, балаларға медициналық көмек беруді ұйымдастырудың аспектілері, сирек ауруларды емдеуді жетілдіру, түрлі хирургиялық және соматикалық патологиялары бар балаларды оңалту, психологиялық және медициналық-әлеуметтік бейімдеу және т.б. осы сынды нәрестелер мен бүлдіршіндерді емдеу мен педиатрия саласына қатысты өзекті мәселелерді талқылап, арнайы баяндамалар жасады. Сонымен қатар, педиатрия тәжірибесінде сирек кездесетін әр түрлі клиникалық жағдайлар ұсынылды. Сондай-ақ, жас дәрігерлердің ғылыми жұмыстары мен постерлік баяндамалары арнайы көрмеге қойылды.
«Педиатрия» және «Балалар хирургиясы» секциялары бойынша өткен конференцияда 34 ауызша баяндама тыңдалып, 14 постерлік баяндама ұсынылды. Педиатрия саласының білікті мамандарынан, атап айтқанда Т.С.Нұрғожин, К.А.Мажибаев, К.О.Омарова, Г.Т.Ташенова, Б.Х.Хабижанов, Н.С.Божбанбаева, М.Н.Шарипова, Т.А.Джумабеков, Н.Н.Ахпаров, К.Э.Хаиров, Н.С.Божбанбаевадан құралған профессорлық құрам жиынның модераторлары болып, конференцияның жоғары деңгейде өткендігін атап өтті.
Ғылыми конференция соңында ұсынылған баяндамалар үш аталым бойынша анықталып, арнайы дипломдармен марапатталды:
- «Үздік баяндама» (педиатрия және балалар хирургиясы саласы бойынша);
- «Үздік мақала» (педиатрия және балалар хирургиясы саласы бойынша);
- «Үздік постерлік баяндама».
60-тан астам ғылыми материалдар Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына қарасты «Педиатрия және бала хирургиясы» ғылыми журналында жарияланды. Журнал ғылыми қызметтердің нәтижелерін жариялау үшін ҚР ҒБМ-нің Ғылым және білім саласын қадағалау комитетімен ұсынылған, сондай-ақ Ресейлік ғылыми дәйексөз алу индексі (РИНЦ) мәліметтер базасына кіреді.
Педиатрия орталығы емдеу мекемесі ғана емес, тәжірибелі кадрларды дайындау базасы ретінде танымал. «Педиатрия» және «Бала хирургиясы» саласы бойынша резиденттер осында оқытылады. Жыл сайын орталық педиатрия және хирургия бойынша 15 жас педиатр дәрігерлерді дайындаса, соңғы 3 жылда 41 резидент бітіріп, бүгінгі күні жас мамандар еліміздің әр аймағындағы медициналық орталықтар мен мекемелерде қызмет жасауда. Қазіргі таңда Педиатрия орталығында 17 резидент білім алып, біліктілігін тәжірибемен ұштастырып, онкогематология, кардиохирургия, аутоимунды гепатит, сирек аурулар бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысуда.
Педиатрия жəне бала хирургиясы ғылыми орталығы сондай-ақ, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ҰМУ-дың, «Қазақ медициналық үздіксіз білім беру» университеті мен Республикалық медициналық колледждің клиникалық базасы болып табылады.
«Педиатрия және балалар
хирургиясы ғылыми орталығы»
баспасөз қызметі
8(727) 269 69 52
{gallery}News_03.03.2018{/gallery}