8-9 қазан күндері аралығында Алматыда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірлік кеңсесінің қолдауымен ТМД мемлекеттері (Еуразиялық аймақ) балалар онкологиясы саласы сарапшыларының екінші кездесуі өтті.

 

            14 ел сарапшыларының басын қосқан алқалы басқосудың басты мақсаты - Еуразиялық аймақтағы елдер арасында онкологиялық дертке шалдыққан балалардың өмір сүру ұзақтығын жақсарту, балалар онкологиясы және гематологиясы саласындағы өзекті мәселелерді  талқылау, тәжірибе алмасу,  балалар онкологиясындағы ортақ мәселелерді шешу,  бүгінгі жағдайын сараптап, дамудың дұрыс жолын айқындау.

            Халықаралық деңгейде өткен кездесуге ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өкілдері, Американың онкологиялық ауруларды емдейтін ең жетекші клиникасы болып табылатын Әулие Иуде (Сент Джуд) балалар госпитальінің бірінші басшылары мен дәрігерлері (St. Jude Global Alliance), Педиатрия орталығымен тығыз байланыс орнатқан, Қазақсандағы онкологиялық және гематологиялық қызметтің дамуына  зор үлес қосып келе жатқан Ресейдің (Москва қ.) Д.Рогачев атындағы балалар гематологиясы, онкологиясы мен иммунологиясы федералдық ғылыми-клиникалық орталығы, Беларус елінің (Минск қ.) Балалар онкологиясы, гематологиясы мен иммунологиясы ғылыми-практикалық орталығының басшылары мен онколог-дәрігерлері, сондай-ақ Молдова, Украина, Грузия, Армения, Тәжікстан, Өзбекстан, Түркменстан, Әзірбайжан, Моңғолия, Қазақстан, Қырғыз елдерінің онкология және гематология саласының жетекші мамандары мен сарапшылары қатысты.   

            Еске сала кетейік, бірінші кездесу 2018 жылдың 23-25 сәуір күндері аралығында Мәскеу қаласындағы  Д.Рогачев атындағы балалар гематологиясы, онкологиясы мен иммунологиясы федералдық ғылыми-клиникалық орталығында өткен еді.

            14 елден келген мамандар алдағы уақытта қатерлі ісік пен ақ қан ауруына шалдыққан балалардың өмір сүру ұзақтығын жақсарту жолында күш біріктірмек. Жиын барысында біріккен жоба қатерлі дертке күрес жолында барлық қатысушы елдерді біріктіріп, жоғары сапалы медициналық көмекті алуға мүмкіндік жасап, онкологиялық ауруларға шалдыққан балалардың өмір сүру ұзақтығын жақсарту жолындағы жаһандық бастаманы іске асырудағы алғашқы қадам екендігі атап өтілді. Кездесуде қатысушылар балалар онкологиясы және гематологиясы саласындағы өзекті мәселелерді  талқылап қане қоймай, бүгінгі жағдайын сараптап, өзара пікір алмасты. Екі күн бойы өткен жиында әр елдің мамандары  балалардағы қатерлі ісік ауруларын диагностикалау мен емдеудің заманауи әдіс-тәсілдерімен, медициналық көмек көрсетуді ұйымдастырудағы тәжірибелерімен бөлісті.

            Шараның ашылу салтанатында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының басшысы Риза Боранбаева Қазақстан балалар онкологтары мен гематологтары атынан құттықтау сөз сөйлеп, кездесудің маңызы зор екендігін атап өтті.

            -  «Біз Қазақ еліне бірінші рет келіп отырмыз. Келуіміздің басты мақсаты  жаһандық деңгейде барлық балаға қатерлі дертті жеңуге көмектесу. Біз әлемдегі әр баланың өз жасына жетпей өмірден өтпеуі керек деп санаймыз. Және  бұл мәселені Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының алдына қойған едік. Аталмыш ұйымның қолдауымен өтіп жатқан бүгінгі шара осы мақсаттың алғашқы қадамы», деді шара барысында Американың  Сент Джуд балалар онкологиялық госпитальінің вице-президенті Карлос Родригез-Галиндо. Оның пікірінше, Қазақстанда балалар онкология саласы бір жүйеге түсіріліп, емдеудің жоғары деңгейінде. - «Бүгін Педиатрия орталығын аралап, жұмыс барысымен танысып, онкология мен гематология және трансплантология бөлімдерінде болдық. Балалар үшін жоғары деңгейде барлық жағдайлар жасалған екен. Барлығы көңілімізден шықты. Әсіресе, орталықтандырыған жүйесі мен емдеу сапасына тәнті болдық», деп атап өтті  К.Родригез-Галиндо.

            Қазіргі таңда бүкіл әлемдегі онколог, гематолог дәрігерлері ең маңызды міндеттердің бірі - қатерлі дертке шалдыққан балалардың өмір сүру ұзақтығын одан әрі ұзарту мәселесін алдыға қойып отыр. Сарапшылардың Мәскеуде өткен бірінші кездесуі Еуразиялық аймақтағы ортақ мәселелерді анықтап, балалар онкологиясы саласының  алдағы даму бағытын айқындап берсе, екінші кездесу  балалар мен жасөспірімдерге  паллиативтік көмек беру жүйесін ұйымдастыру және дамыту бағытын, балалар гематологиясы мен онкологиясы  саласының медбикелері үшін бірыңғай сертификаттау бағдарламасын дайындау,   балалардағы қатерлі ісік ауруларын емдеудің кешенді стандарттарын әзірлеу, онкологиялық ауруларға шалдыққан балалардың бірыңғай тіркелімдерін құру мәселелерін нақтылады. Сонымен қатар, арнайы құрылған білімді дамыту, хаттамаларды әзірлеу, арнайы зерттеу жұмыс топтарының басты бағдары мен Еуразиялық аймақтағы балалар онкологиялық қызметін дамытудың басты басымдықтары анықталды.

            Шара барысында ТМД елдері ішінде Қазақстанда алғаш рет әр  елден келген мейірбикелер үшін қатерлі дертке шалдыққан науқастарға жалпы және мамандандырылған палиативтік көмек көрсету ерекшеліктері бойынша  оқыту дәрісі өткізілді. Бұл дәріс алдағы уақытта да он-лайн режимінде жалғасын таппақ.  Алынған білім өз кезегінде мейірбикелерге науқастардағы аурулардың ерекшелігін ескере отырып,  терапиялық, алдын-алу,  диагностикалау және оңалту шараларын жүзеге асыруда көмектесері сөзсіз.   

            Кездесу аясында шара қатысушылары 9 қазан күні  Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен қатерлі дертке шалдыққан балаларды оңалту орталығы «Алатау» республикалық клиникалық шипажайында болып, екі мекеменің тыныс-тіршілігі мен қызметімен танысты. Шараның екінші күні түске дейін Американың  Сент Джуд балалар онкологиялық госпитальінің вице-президенті Карлос Родригез-Галиндо Педиатрия орталығының онколог/гематолог мамандары үшін арнайы дәріс оқыды.

 

  «Педиатрия және балалар

  хирургиясы ғылыми орталығы»

баспасөз қызметі

8 (727) 269 69 52